Мақсаты - кәсібиліктің шыңына жету

None
None
Нұрбол бір-бірімен жіптей жалғасып жатқан байланыс саласын меңгеруді  бала кезден армандапты. Шанақ бекетінде қой бағып, қозы қарап жүргенде-ақ, темір жол бойында кабель қазып, бағдаршам жөндеп жатқан байланысшылар  жұмысын қызықтаудан жалықпайды екен.

Оның үстіне әкесі де, атасы да теміржолшылар. «Өскенде мен де теміржолшы боламын» деген арманы  алдамады, мамандық алған соң соң төрт жылдың ішінде монтер, механик сатысынан өткен Нұрбол Түймебеков бүгінде Сарыағаш пен Дарбаза бекеттерінің СОБ (орталықтандырылған автобұғаттау бекеті) бойынша аға электрмеханигі. Мақсаты - өзі таңдаған мамандығы бойынша кәсібиліктің шыңына жету, өйткені тек жоғары кәсібилік арқасында еңбекте жетістік пен абыройға жететінін ол жақсы біледі. Нұрболдың жасында мұндай дәрежеге жету - кез-келген жете бермейтін жетісті. Атасы Таласбек Қостүйін бекетінде жолшы болған екен. 1969 жылы Шанақ бекетіне көшіп келген соң осы жұмысын жалғастырыпты. Әкесі Тәуекел де Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының Сарыағаш желілік аппарат залында (ЛАЗ) механик болып еңбек етеді.  

- Мектеп біріген соң ҰБТ-тен 106 балл жинадым. Сонда ғой ұстаздарымның бірі химияға, бірі математикаға тартты. Ешқайсысына көңілім толмады. Алматыдағы М. Тынышбаев атындағы Көлік және Коммуникация академиясына тартып кеттім.  СОБ - түсіне білген адамға өте қызық мамандық. Орын алған ақауларды іздеп отырып тапсаң бойыңды қуаныш кернейді. Себебі, әрбір ақаудың артында апатты жағдай тұратыны санамызға сіңіп қалған. Біздегі ең көп ақаудың бірі - қысы-жазы бағдаршамдардың бір сәтте қызыл түске жалған жануы. Қыста байланыс шкафтарының артындағы кішкентай сымдары аязда тартылып немесе ажырап кететіндіктен, байланыс үзіліп, тоқ өтпей, жалған жанады. Ал жазда бұл жағдай көбіне жолшылардың  жұмысынан туындайды. Мәселен, түйіспелі жерлерге дөңгелектерден түскен ұсақ қиқым жиналып қалуы мүмкін. Соның әсерінен белгі беру нүктесі аяқ астынан қызыл түске жанып, қысқа мерзімге тұйықталып қалады. Былай көзге көрінбеген соң, оның қай жерінен қате кеткенін іздеп отырып табуың керек. Тапқан соң оны дәлелдеп, суретке түсіріп көрсетеміз. Біз ақауды іздеп жатқанда пойыз тоқтайды. Мен мұндай ақаулардың бірнешесін таптым,-дейді Нұрбол Тәуекелұлы.  

Алғаш аға механик болғанда әріптес ағалары әр сұрақтың шетін бір шалдырып, біраз сынаған көрінеді.  Сондайда нұсқаулықтардан бөлек оқуда жүріп жинаған кітаптары бар, СОБ жайлы журналдарды жиі оқып, ағалардың «емтиханынан» өтіпті. Қанша білем дегенмен, аркідік оқулықтарды бір сүзіп, білім жетілдіріп, соңғы жаңалықтармен танысып отыру аудай қажет дейді жас жігіт. Жақында Ақтөбеге барып 20 күндей біліктілікті жетілдіру үшін курсын оқып келсе, өткен жылы Астанада еңбек қорғау мен қозғалыс қауіпсіздігі бойынша білімін толықтырған. Астанадағы Көліктегі технологиялар орталығында байланыс белгілерін микропроцессорлық жаңа жүйе арқылы оқытқанын, орталықтан көп нәрсе үйренгенін, теміржол саласында осындай заманауи білім беру орталықтарының қанат жайып жатқанына қуанатынын да жасырмады. Нұрболдың пайымдауынша, білгісі келген маманға  нұсқаулықтың өзі де көп нәрсе «үйретеді». Тек ерінбеу керек дейді. Жас келсе іске деген, бес жыл бұрын  22 жасында еңбекке араласқан маман аз уақытта төселіп, 2011 жылы 28 жылдан бері ауыстырылмай тұрған 7 релелік шкафтарды түбегейді жаңартуға үлес қосады. Сондай-ақ, 2012 жылы ұлттық компанияның қолдауымен Сарыағашта  - 5, Дарбаза мен Жылғада - 10, яғни 15 релелік шкафтар жаңаруында да еңбегі бар.  2013 жылы СОБ құрылғыларының ең «жанды жері» атанған кабельдік жүйелер 1986 жылдан бері бірінші рет тұтас жаңасымен ауыстырылғанда да барлық жұмыстың басы-қасында жүріпті.  Әр сәрсенбіде Сарығаш пен Дарбазадағы СОБ мамандарымен қатар, екі станцияның кезекшілеріне техникалық сабақ өтеді.

Динара МЕЙІРМАН,

Суретті түсірген автор.

Сейчас читают