Жамбыл облысында қазақ-қырғыз шекарасындағы ауыл интернетпен қамтылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекаралас жатқан Қаратау ауылы отандық ұялы байланысқа қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көптен бері осы мәселенің шешімін күткен аядай ауылдың тұрғындары көршілес елдің желісіне қосылып, сол арқылы туыс-туғаннан хабар алуға мәжбүр болып келді.

Алайда, бұл тұрғындар үшін тиімсіз еді. Мысалы байланыс құралындағы 1000 бірлік тек аман-саулық сұрасуға ғана жететін.

«Айшабибі ауылдық округінен 15 шақырымда орналасқан елді мекенде 850 тұрғын бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауылымыз Қырғызстан Республикасымен шектесіп жатқаннан кейін осы елдің байланысын пайдаланып жүрдік. Тіпті, ауылдың барлығы осы желіге қосылдық. Қазіргідей қарыштап дамып жатқан заманда отандық байланыс неліктен қолжетімсіз деген сауал барлығымызды мазалап келген болатын. Әйтсе де, тілеуіміз қабыл болды. Қазіргі таңда «Kселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын көріп отырмыз», – дейді ауыл қариясы Нұрғали Манапов.


Мән-жайға толымды жауап алу үшін округ әкімінің орынбасары Әзімхан Жарлығаповпен тілдескен едік.

«Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2020 жылы Жамбыл облысында 46 елді мекен қамтылуы керек болатын. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 40 ауыл байланысқа қосылып үлгерді. Соның ішінде Қаратау ауылы да бар. Бүгінде қаратаулықтар байланысып қана қоймай, ғаламтор желісінің де қызығын көріп отыр», – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Қаратау ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.

Жамбыл ауданына қарасты елді мекенге өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 306 млн теңге бөлініп, 110 аулаға ауыз су тартылды.

Жергілікті тұрғындардың көптен күткен көгілдір отын мәселесі де шешімін табуда. Мұнан соң көше жарығы орнатылып, жол жабындысы төселмек.


Соңғы жаңалықтар