Токио Олимпиадасына Қытай елінде тұратын қандастарымыздан қанша спортшы қатысады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжаңдық 6 спортшы Токио Олимпиадасына қатысады - «Жэньминьи жибао» (People Daily)

Токио Олимпиадасына қатысатын қытайлық спортшылар мен бапкерлердің және ресми делегация өкілдерінің тізімі жарияланды. Оның ішінде Шыңжаңдық 6 спортшы бар, деп жазады Қытайлық kazakh.people.com сайты.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, осы тізімде Токио Олимпиадасына Қытай елінің атынан шығатын қандастарымыздың да аты аталған. Олар 60 келі салмақта грек-рим күресінен өнер көрсетіп, Токио Олимпиадасына жолдама алған шыңжаңдық қандасымыз Уәлихан Серікұлы мен 75 келі салмақта шаршы алаңға шығып жүрген боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы.

Еске сала кетейік, Токио Олимпиадасына барған Қытайлық жалпы өкілдер саны 777 адам. Мұның ішінде спортшылар 431 адам (әйел спортшылар 298 адам, ер спортшылар 133 адам), бапкерлер, дәрігерлер және басқада көмекшілер 307 адам, ресми делегация өкілдері 39 адам болған.

Іле қазақ автономиялы облысында «Тұлпар» мерекесі аталып өтті - CNR

Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деп таныған Іле қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданында «Тұлпар» халықаралық туризм мерекесі басталды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

«Қытайда «Тұлпар» мерекесі 1992 жылдан бері тойланып келеді. Осы аталған шараның соңғы жылдары дәстүрге айналған ең бір қызықты сәті «10 мың тұлпардың шабысы» аталатын жанды көрсетілім, онда сахна алдынан мыңдаған сайгүлік жер төсін дүбірлетіп шауып өтеді. Биылғы жыл сол 10 мың жылқыны шашау шығармай жұрт алдынан жосылтып айдап өтуге 78 жылқышы даярланған. «Тұлпар» мерекесінде басқада әлемге танылған жылқы тұқымдары көпшілікке көрсетілді. Сонымен бірге қазақ халқының ұлттық ойындары қыз қуу, көкпар, теңге ілу, бәйге секілді жарыстар өтті. Осы қойылымдарды көрсетуге арнайы жобаланған ерекше сахнаның жалпы аумағы 2000 шаршы метр болса, сахна төріне қолмен бейнеленіп салынған 3D үлгісіндегі алып тұлпар бейнесі көрермендерді ерекше әсерге бөледі», -деп жазады CNR сайты.

Айта кетсек, тарихтан бері текті тұлпарымен атағы шыққан Моңғолкүренің жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде. Іле жылқысын өсіру орталығы саналатын бұл ауданда 100 мың жылқы бар. Сондықтан Моңғолкүре бүкіл Қытай елі бойынша жылқы саны ең көп, жылқы сапасы ең жақсы аудан болып есептеледі. Қытай ауыл шаруашылығы министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген. Аудан 2009 жылдан бастап дәстүрлі «Іле тұлпары халықаралық туризм мерекесін» жыл сайын ұйымдастырып келеді. Іле жылқысы Қытай мемлекеті бойынша ат спорты жарыстарына қатысатын жылқылардың 70 пайызын иелеп отыр.

Түрік фильмі АҚШ-та жүлде алды - TRT

Режиссер Дервиш Заимнің Сириядан Түркияға созылған бір сапардың хикаясын баяндайтын «Flaşbellek» атты фильмі АҚШ-та жүлде алды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Фильм Аризон штатында өткен 27-ші Седона Халықаралық фильм фестивалінде «Үздік Халықаралық фильм» жүлдесін алды. Аталған фильм 2020 жылы 42-ші Cinemed фильм фестивалінде «Жас қазылар алқасы жүлдесін» алып, 12-19 шілде күндерінде Францияда көрсетілген болатын. Фильмде араб кинематографиясының атақты актерлері Салах Бакри мен Али Сүлейман ойнайды. Аталмыш фильм 2019 жылы Түркияның Газиантеп және Кония қалаларында түсірілді», -деп жазады TRT.

2032 жылғы жазғы Олимпиада ойындары қайда өтетіні белгілі болды – KAZNEWS

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2032 жылғы жазғы Олимпиада ойындары мен Паралимпиада ойындары Брисбен қаласында өтеді, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Осылайша Аустралия жерінде жазғы Олимпиада ойындары үшінші рет өткелі тұр. Бұған дейін төртжылдықтың басты додасын 1956 жылы Мельбурн және 2000 жылы Сидней қалалары қабылдаған еді. Еске салайық, 2024 жылғы Олимпиада ойындары Парижде (Франция), ал 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтеді», - деп жазды Kaznews.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға Моңғолия спортшылары 13 спорт түрінен барлығы 43 жолдама жеңіп алған.

Бұхарадағы 7 тарихи нысан ICESCO-ның Ислам әлемі мұралар тізіміне енгізілді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Бұхарадағы 7 мәдени мұра нысандары Ислам әлемінің Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) Ислам әлемі мұралар тізіміне енгізілді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Облыстық мәдени мұра басқармасының хабарлауынша, 29 маусымда Ислам әлемі мұралары комитетінің тоғызыншы онлайн-отырысы өтіп, онда Бухараның 2020 жылы «Ислам әлемінің мәдениетінің астанасы» деп жариялануына байланысты Өзбекстан атынан ұсынылған кандидаттық құжаттар қаралды.

Осы кездесуде Бұхарадағы 7 кесене - Исмаил Сомони кесенесі, Чор Бакр, Бахауддин Накшбанд кешені, Мағоки Аттор мешіті, Пойи Калон ансамблі, ежелгі Пойкент қаласы мен Тошсарой медреселерінің қалдықтары ICESCO-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілген.

Онлайн форматта өткен жиын аясында, келешекте осы мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру, зерттеу және халықаралық масштабта насихаттау бойынша ICESCO және Ислам әлемінің мұралары комитетімен ынтымақтастықты нығайтуға қол жеткізген», -деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.



Соңғы жаңалықтар