Таразда қоқыс өртеп 3 МВт электр қуатын өндіретін зауыт салынады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында қоқыс өртейтін зауыт салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет Таразды қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы басталатын 6 қаланың тізіміне енгізген. Бүгінде халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының мамандары жергілікті қатты қалдықтар мен олардың морфологиялық құрамын өлшеп, геологиялық зерттеулер жүргізіп үлгерген.

Жоба бойынша зауыт 50 мың тонна қоқысты өртеп, бір уақытта 3 МВт электр қуатын өндіреді. Инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард теңгені құрайды. Жергілікті билік полигонның жанынан бес гектар жер бөліп, инфрақұрылым тарту қажет.

Облыс аумағындағы стихиялық қоқыс, тазаланбайтын контейнерлерге қатысты әлеуметтік желіде шағым жиі айтылады. Бұл өзекті мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңестің негізгі тақырыбы ретінде жан-жақты сараланды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, аймақта 163 қоқыс полигоны бар, онда үш 3 млн тоннаға жуық қатты қалдық жиналған. Олардың 65-і әлі қоршалмаған.

Биыл алты айда тағы 21,6 мың тонна қалдық жиналса, оның 11,9 пайызы сұрыпталған. Бүгінгі таңда бұл процеске айрықша назар аударылады. Өйткені бұл экологиялық тазалық және қалдықтарды барынша тиімді пайдалану мен жоюдың негізгі тетігі.

Бұл тұрғыда біріншіден адамдарды қалдықты бөлек жинауға үйрету және оған жағдай жасау жайы маңыздырақ. Дегенмен шешімін күткен мәселе аз емес. Айталық қарапайым ғана қоқыс жәшігі жеткіліксіз. Тиісті ұйымдар күніне екі рет контейнерді тазалап, босатып отыруы керек. Бір Тараз қаласының өзінде осы іспен айналысатын 8 кәсіпорын бар, олар 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Ал облыс бойынша мұндай 23 кәсіпорын бар.

Жалпы облыс бойынша 3,5 мыңнан астам контейнер жетіспейді. Тараз қаласының әкімдігі 700 контейнер алуға өтініш берсе, қазірге дейін оның 200-і келген. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, арнайы техникалар жетіспеушілігі туындаған. Алайда бұл мәселе біртіндеп кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Жақында ғана тағы төрт қондырғы сатып алынған. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өз автопаркін жаңарту қызмет көрсетуші компаниялардың басты міндеті болуы тиіс екенін атап өтті.

Тағы бір мәселе – контейнерлердің орналасу нормасының дұрыс анықталмауы. Соның салдарынан, жеке сектор тұрғындары қоқысын көппәтерлі үйге арналған контейнерлерге салып отырады. Бұдан бөлек,өз контейнері мен қызмет көрсетуші компаниямен келісімшарттың ШОБ субъектілері, бірінші кезекте қызмет көрсету салалары болуы тиіс. Құрылыс қалдықтарына арналған арнайы полигонның болмағандықтан толып кеткен контейнерлер мен қоқыс үйіліп жатқан алаңдар көп кездеседі.

Ғарыш мониторингі 168 қоқыс үйіндісінің бар екенін анықтады, олардың 97-і жойылды.

«Алдағы әрекеттердің тиімділігі бойынша сұрақ көп. Мысалы стихиялық полигондар табан астында пайда болады. Бұл тиісті бақылау мен түсіндіру жұмысының жоқтығын көрсетеді. Менің орынбасарымның басшылығымен жұмыс тобын құруды, жағдайды талдап, қоқыс мәселесін шешудің тиімді стратегиясын таңдауды тапсырамын. Бұл ұлттың денсаулығына қатысты өткір мәселе екенін естен шығармауымыз керек. Қалдықты сұрыптап, тиісті цехтар мен шағын зауыттар құруға басты назар аудару керек. Заманауи қоқысты өңдейтін зауыт салуға қабілетті инвесторлармен жұмыс та жандандыруды қажет етеді. Қызмет көрсету ұйымдармен жасалған келісімшарттарға контейнер алаңдарын тазалау туралы ережені міндетті түрде енгізу қажет. Қоқысты көрінген жерге бей-берекет тастап, үйіндіге айналдырғаны үшін де жазаны қатайтып, түсіндіру жұмысын барынша жүргізу керек. Тұрғындар арасында тек өз үйін ғана емес, туып-өскен қаласын да таза ұстауға үндеп, қоғамдастық мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар