Талғарда 18 жастағы жігітті көлігімен қағып өлтірген жүргізуші қашып кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 18 жастағы жігітті көлік қағып, ол оқиға орнында мерт болды. Ал көлік жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 25 қазан күні кешкі сағат 20:30 шамасында Талғар қаласында болған.

«Белгісіз көлік жүргізуші қаланың Менделеев көшесімен келе жатып, 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында мерт болды. Іс қылмыстық кодекстің екі бабы яғни, ҚР КҚ 345 бабы 3-бөлігі және ҚР ҚК 347 бабы бойынша қозғалды. Талғар ауданының полицейлері тергеп жатыр»,- делінген ведомствоның хабарламасында.

Яғни, адамды абайсызда көлікпен қағып өлтіргені үшін және оқиға орнынан қашып кеткені үшін көлік жүргізуші қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотталады.

«Қазір қашып кеткен көлік жүргізушінің көлігін, өзін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, баланы көлік қаққан сәт бейнебақылау камерасына жазылған. Видео әлеуметтік желіде жарияланды.


Соңғы жаңалықтар