СҚО-да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 18 жоба жүзеге асады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл тоғыз елді мекен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының шарапатын көреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да былтыр мемлекеттік бағдарлама 26 мың адамды қамтитын 3 елді мекенде – Саумалкөл, Бескөл және Талшықта жүзеге асырылды. 19 жоба жоспарланған болса, соның 17-сі іске қосылды. Қалғаны биылға қалдырылды.

СҚО Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Саумалкөлде жылу беру жүйесінің құрылысы аяқталмады. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және өнер мектебін қалпына келтіру жұмыстары биыл жалғасып, пайдалануға беріледі.

Ал 2020 жылға өңірге республикалық бюджеттен 1 млрд 776 млн теңге 1-траншпен берілмек. Бұл қаражат төрт елді мекеннің – Бескөл, Явленка, Саумалкөл және Асановоның коммуналдық-инженерлік, әлеуметтік жағдайын және көліктік инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.

Екінші траншпен республикалық қазынадан 2072,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен 888,2 млн теңге бөлінбекші. Бұл қосымша тағы 10 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, биыл тағы Арықбалық, Кирилловка, Советское, Пресновка және Новоишимка елді мекендерінде бірқатар жұмыстар атқарылады.

Жалпы 2020 жылы СҚО-да 52 мың тұрғыны бар 9 елді мекенде 18 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар