Семейде Ядролық медицина орталығы ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында Ядролық медицина орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде ең заманауи технологияларды қолдана отырып, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы Ядролық медицина орталығы ашылды.⠀

«Орталықтың іске қосылуы үш кезеңдік жоспарға сәйкес біртіндеп жүзеге асырылады. Бірінші кезең аясында жұмысқа радиоизотопты диагностика бөлімі кіріп отыр. Онда орнатылған ОФЭКТ (бір фотонды-эмиссиялы компьютерлі томография) және компьютерлі томографпен біріктірілген ОФЭКТ мамандарға адам ағзасындағы қатерлі дерттерді бастапқы сатысында анықтауға және басқа да патологияларды анықтауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.⠀

Бірфотонды эмиссиялы компьютерлі томография – бұл диагностиканың заманауи ақпараттық әдісі. Зерттеу 99mТс негізіндегі радиофармпрепараттардың көмегімен жүзеге асырылады. ⠀

«ОФЭКТ жұмыс принципі - обыр жасушаларын қадағалау. Өйткені, өзгеріске ұшыраған жасушаларда, тіпті ісік пайда болғанға дейін зат алмасу қалыптан тыс жүреді. Оларды анықтауға пациенттің қанына енгізілетін арнайы препараттар көмектеседі. Бұл аппараттар кез-келген органның қызмет ету жағдайын және адам ағзасының бүкіл жүйесін, оның ішінде қанның қозғалу жылдамдығын, лимфаларды, зат алмасуды зерттеуге мүмкіндік береді», - делінген мәліметте.

Айта кетейік, осындай радиоизотопты диагностика Нұр-Сұлтан қаласында да жүргізіледі.⠀


Соңғы жаңалықтар