Павлодар облысында қиын жағдайға тап болған 200 азамат жұмысқа тұрды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірлік әлеуметтендіру орталықтарына мемлекеттен 180 миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталады.

Павлодар облысының үш қаласында қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға көмек көрсететін әлеуметтендіру орталықтары қызмет етеді. Орталықтардың біреуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жұмыс істейді.

Орталықтардың директорларының айтуынша, оларға келетін жандардың бәрі бірдей жұмыс істегісі келмейді. Бұл олардың денсаулықтарының нашарлығына және құжаттарының болмауына байланысты. Облыс орталығында өткен жылы тұрақты жұмыс орындарына 88 адам орналастырылды.

- Біздің орталық 220 жатын орынға арналған, - дейді Павлодар қалалық әлеуметтендіру орталығының директоры Жанболат Нұрымов. – Қазір мұнда 160 адам тұрып жатыр. Жұмысқа орналасу кезінде біз оларға толықтай қолдау көрсетеміз. Яғни, медициналық комиссиядан өту, құжаттарын қалпына келтіру, бос орындар жәрмеңкесіне бару кезінде жәрдемдесеміз. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру ұзақ уақыт алады.

Кейбір азаматтардың паспорттары бұрынғы кеңестік үлгідегі ескі құжаттар. Оларды қалпына келтіру үшін айыппұлдар төлеу қажет, ал, мұндағы адамдардың оларды төлеуге қаражаты жоқ.

Әдетте орталықтың көмегіне бұрын бостандық шектеу орындарында отырғандар, нашақорлар, ішімдікке салынған, ақыл-есінен ауысқан және үйсіз-күйсіз жүрген жандар жүгінеді. Директордың айтуынша, орталыққа кей адамдарды әлеуметтік патруль әкелсе, кейбіреулері өз аяғымен келеді.

- Орталықта оларды адам қалпына келтіреміз, кейде жаңа кейіпке түскен жандарды өзіміз де танымай қаламыз, - дейді Жанболат Нұрымов. – Орталықта олар бір жылға дейін жата алады, шет елдіктер мен өзге қалалардың тұрғындарына бір ай ғана тұруға рұқсат беріледі. Орталықта бекітілген тәртіпті бұзса, оларды шығарып тастауға мәжбүр боламыз. Зейнет жасына жеткен және мүгедек адамдарды қарттар үйіне жібереміз.





Соңғы жаңалықтар