Моңғол әншілері қазақтың танымал әнін орындады - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайлық қар-шаңғы алаңы оқушыларға ақысыз шаңғы тебуді ұсынды - «Ағажай-Алтай» сайты


Қытайдың Алтай қаласы мұз және қар спорты түрлеріне белсенді қатысуға даярлау үшін балаларға көбірек мүмкіндік беруде. Қыс басталғалы бері Алтай қаласы «Генарал тауы» қар-шаңғы алаңын орта мектеп оқушыларына ақысыз және жеңілдетілген түрде пайдалануға мүмкіндік беруде, деп хабарлайды Қытайдың kazakh.altxw.com ақпараттық порталы.


Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың қысында Алтай қаласы оқушыларды тауда шаңғы теуіп үйренуге ынталандыруда. «Генарал тауы» деп аталатын қар-шаңғы алаңы биылғы қыс маусымында туристер үшін арнайы есігін ашқан. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі мектеп оқушыларының шаңғы тебуіне барынша жеңілдіктер жасаған.

Айта кету керек, оқушылар ақысыз шаңғы тебу үшін жеке куәлігін немесе оқушы билетін ала келсе жеткілікті. Мектеп түлектері шаңғыларды жалға алғанда бағаның жартысын төлейді. Ал қар-шаңғы алаңына кіру тегін.


Алтай қалалық «Генарал тауы» қар-шаңғы алаңының қызметкері Чен Ян бұл шараның негізгі мақсаты Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарын қарсы алуға мемлекет ішіндегі дайындық екенін айтты.

«Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарын қарсы алуда жақсы атмосфера құру үшін келесі кезекте колледж студенттері мен басқа да топтарға арналған бірқатар жеңілдіктерді бастаймыз», - дейді Чен Ян.

«ӨзА» ұжымы «Жыл адамы» атанған қандасымызды туған күнімен құттықтады - «ӨзА» ақпарат агенттігі


Осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігінде Өзбекстан Республикасының «Олий Мажлис» заң шығарушы палатасының депутаты Расул Көшербаевты туған күнімен құттықтаған ақпарат жарық көрді.

Өзбекстанның «Олий Мажлис» депутаты Расул Көшербаев 1987 жыл 12 қаңтарда Ташкент облысының «Қосағаш» ауылындағы қазақ отбасында дүниеге келген.

«ӨзА» дерегіне сүйенсек, ол 2010 жылы Өзбекстан мемлекеттік Әлем тілдері университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ташкент мемлекеттік заң университетінің магистранты.

«Бүгінгі таңда Расул Көшербаевтың қоғамдағы өзекті проблемаларды көтерудегі белсенділігі, халықты ұзақ жылдардан бері мазалаған қиын мәселелерді оңтайлы шешім табуына батыл қадам тастаған әрекеті көпшіліктің көкейінде оны «қаһарман» образында бейнелеген. Оның атқарған жұмыстары халық ықыласына бөленуінің арқасында Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан тәуелсіз сауалнамаға орай Расул Көшербаев 2020 жылы Өзбекстанда «Жыл адамы» атанды. Ал 2019 жылы «Жыл депутаты» атанған болатын. Расул Қыдырәліұлын бүгінгі мерейлі туған күнімен «ӨзА» ұжымы шын жүректен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тілейді», - деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Моңғол әншілері «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін орындады - Kaznews


Моңғолиялық ерлі-зайыпты әншілер А.Анхбаяр мен Б.Чанцалдулам қазақстандық сазгер-ақын Рахым Тынышбайұлының «Алтайдың ар жағынан келген ару» әйгілі әнін орындап, әлеуметтік желіде хит болуда, деп хабарлайды Kaznews порталы.

Ақпарат агенттігінің тілшісі осы аптада қос әншімен байланыс орнатып, әңгімеге тартқан. «Бұл әнді қазақша орындау идеясы қашан туды?» деген сұраққа өнер иелері кез келген шығарманы жазылған тілінде, өз мақамымен тарихи дәстүрін сақтай отырып орындаған дұрыс екендігін атқан. «Моңғол тіліне аударып айтуға болар еді. Бірақ солай жасайық дегенді еш ойламаппыз», - дейді қос әнші. Бұл ән Қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген шығарма болғандықтан мағынасы қандай, қалай орындасақ болады деп ойлап, зор жауапкершілікпен қарағанын айтады. Ерлі-зайыптылар әдемі лирикалық әннің сапасын түсірмей, сөзін де бұзбай дұрыс айтып шығуға тырысқан.

Тілші бір сөзінде, авторлық құқық мәселесі қалай шешілгенін сұрайды. Әншілер өздерінің авторлық құқыққа айырықша құрметпен қарайтынын тілге тиек етеді.

«Біз екеуіміз шығармашылық пен авторларға өте құрметпен қараймыз. Кез келген шығарманы автордың рұқсатын алып, содан кейін ғана көпшілікке жария етеміз. Елімізде Моңғолия композиторлары және шығармашылық иелерінің МОСКАП атты ұйымы бар. Олар сазгерлер мен ақындардың авторлық құқығын қорғаумен қатар Азияның 30-дай елімен қарым-қатынас орнатқан. Анхаа өзі сазгер болғандықтан да осы одаққа мүше. Біз жоғарыдағы әнді орындау тілегімізді білдірдік. Содан олар біздің атымыздан Қазақстандағы ұйымдарымен байланысқа шығып, рұқсатын алып берді», - деп жауап береді өнер иесі Б.Чанцалдулам.


Моңғол әншісі А.Анхбаяр қазақ тілін, салт-дәстүрін білмесе де осы жолғы өресі биік әнді орындау барысында қазақ халқының көптеген жанға жағымды мәдениетін, тарихын танып білгенін сөз етеді.

«Осы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінен басқа қандай қазақ әндерін білесіздер?» деген сұраққа, «Қазақтың «Ана туралы жыр», «Сүйгенім менің қалада», «Әкеме», «Ақтамақ» қатарлы әндерді тыңдап жүріп жаттап алдым. Енді ресми түрде толықтап, қайта орындауды жоспарлап отырмыз», - деп жауап береді А.Анхбаяр.

Сұхбаттың соңында қос әнші осы әнді орындау арқылы қазақ халқының ерекше ықыласына бөленгендерін айтады.

«Әнді жарыққа шығарғалы көп болмаса да, қазақ халқының зор алғысына бөленіп жатырмыз. Бұл бізді ерекше жігерлендірді. Тезірек әдемі киімдер тіккізіп, клип жасап шығаруды ойлап отырмыз. Сіздерге бізді құрметтеп, сұхбат жасау мүмкіндігін беріп отырғандарыңызға алғыс білдіреміз. Оқырмандар мен барша қазақ халқына тек қана әлемдегі бар жақсылықтарды тілейміз», деген ізгі тілектерін білдіреді Б.Чанцалдулам мен А.Анхбаяр.

Анкарада «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері өтіп, «Абай» медальдары табыс етілді - TRT

6 қаңтар күні Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРІКСОЙ мен Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің ұйымдастыруымен Анкарадағы ТҮРІКСОЙ бас хатшылық ғимаратында «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері мен «Абай» медалімен марапаттау салтанаты болды. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.


Жиналыстың ашылуында сөз сөйлеген ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты жыл бойы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын мәлімдеп, осы жылдан кейін де Абай мұрасы игеріле беретінін айтты.

«Жиналыста сөз сөйлеген Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу Түркі әлемінің ақсақалы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Халқымыздың мықты болуын, өсіп-өнуін қалайтын әрбір азамат Абайды оқуы керек, Абайға құлақ асуы керек» деген сөздерін еске түсірді. Ялчын Топчу өмір бойы заңсыздықты және әділетсіздікті сынап өткен Абай атамыз туралы Елбасының айтқан құнды кеңесін бүкіл адамзат, әсіресе түрік халықтары жүзеге асыруы керек екенін айтты», - деп жазады түркиялық БАҚ.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ғасырлар бойы бір-бірінен алшақ тұрған түріктердің бір-біріне жақындауында және ортақ құндылықтар айналасында ұйысуында тарих, мәдениет, тіл мен діннің, сондай-ақ ұлы тұлғаларды танудың маңызды болып табылатынын тілге тиек еткен.


Абай жылын қорытындылаған ҚР Елшісі Түркияда саябақтарға, көшелер мен даңғылдарға Абай аты беріліп, ескерткіштер орнатылғанын және бұл іс-шаралардың 2021 жылы жалғаса беретінін айтқан.

«Баяндамалардан кейін Абай медальдарын табыс ету рәсімі өткізілді. ТҮРІКСОЙ Абай медалімен Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам, Анкара қаласы Кечиөрен ауданының әкімі Тургут Алтынок, Анкара қаласы Гөлбашы ауданының әкімі Рамазан Шимшек, Чорум облысы Искилип ауданының әкімі Али Сүлік, Ахмет Яссауи университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, TRT AVAZ координаторы Седат Сагыркая, Қазақстан республикасының Невшехирдегі Құрметті консулы Халил Улуер, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Мүсінші Мұрат Мансұров, Мүсінші Қамбар Омаров марапатталды. Медаль иегерлеріне Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарапынан естелік сыйлықтар да табысталды», деп мәлімдейді Түркия Радио Телевизия порталы.


Соңғы жаңалықтар