Министр Еуразиялық одақтың Қазақстандағы қымбатшылыққа әсері туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстандағы қымбатшылыққа әсер етіп отырған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы кедергілерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда серіктестігі кезінде экономикалық одаққа мүше елдердің бір-біріне қоятын кедергісі ұйым асындағы жиындарда ең көп талқыланады. Еуразиялық экономикалық комиссияда, үкіметаралық отырыстарда, президенттер қатысатын жиындарда да солай. Бүгінгі таңда кедергілердің біржақты қойылатын сәттерін жиі көреміз. Оның ішінде техникалық, яғни тарифтік емес кедергілер де бар. Мәселен, Ресей Федерациясының белгілі бір облысы кедергі қойса, біз оларды сол мезетте алып тастауға тырысамыз», - деп түсіндірді ол Үкімет кулуарында.

Министрдің айтуынша, былтыр қарашада одақ аясында тауар айналымы 800 млн долларды құрайтын 6 кедергі жойылған.

«Кедергілердің түрі көп. Мысалы, губернаторлардың кейбірі сауда сөресіне қойылатын тауарларға шектеу қоюы мүмкін. Теміржол әкімшілігінің шектеулері бар. Шекарада да қосымша талап та пайда болып жатады. Оның бәрі тауар бағасына әсер етеді. Алайда оның әрқайсысын кедергі деп танудың өзіне де уақыт керек. Еуразиялық экономикалық комиссия аясында тексеріліп, арнайы тергеу де ұйымдастырылуы керек», - деген ведомство басшысы. Қазір одақ аясындағы кедергілер текетіресіне ұйымға мүше елдердің бәрі атсалыныс жатқанын атап өтті.

«Бәрі кедергі қояды. Ең маңыздысы, оларды тек анықтау қажет. Қазақстаның, Беларусь елінің, Қырғызстанның, Армения немесе Ресейдің үкіметтері шығарған қаулыларды жіті қараған абзал. Егер мүше мемлекеттер қабылдаған шешімдер өзара сауданы шектесе, оның бәрін кедергі деп тануға болады«, - деді Бақыт Сұлтанов.

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы туралы тарап жүрген қауесетке жауап берген еді.


Соңғы жаңалықтар