Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қалай қатысуға болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру толыққанды жұмыс істейді. Осы жүйе бойынша қызметтерді толық көлемде алу үшін қазақстандықтар өздерін сақтандыруы қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы керек.

«Елдің барлық тұрғындарын, әсіресе бейресми жұмыспен қамтылған халықты МӘМС қатыстыру басты мәселесі болып қала береді. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша бүгінгі таңда халықтың 97%-ы өзектендірілген және әлеуетті түрде МӘМС жүйесінің қатысушылары болып табылады. Қалған 3%-ы бойынша (шамамен 480 мыңға жуық адам) жұмыс жалғасуда. Алматы қаласында 48 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар, олар жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. Алайда олардың кіріс көзі ешқандай ақпараттық жүйеде тіркелмеген», - дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қала тұрғындары үшін төлем сомасы 1 АЕК-тен аспайды, яғни 2 525 теңге. Ауылды жерлердегі тұрғындар үшін 0,5 АЕК немесе 1263 теңге.

Жарнаны кез келген екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта бөлімшесі арқылы, мобильді банкинг арқылы, сондай-ақ «Касса 24» және Kiwi төлем жүйелері арқылы төлеуге болады. Пациенттердің ыңғайлылығы үшін қаланың ауруханалары мен емханаларында «Касса 24» терминалдары орнатылған, ол жерде жарнаны жылдам, комиссиясыз төлеуге болады.

Өз мәртебеңізді ЖСН нөмірі бойынша www.egov.kz, www.fms.kz сайттарынан немесе «Saqtandyry» Тelegram ботынан, ХҚКО-нан медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде МӘМС жүйесіне қатысу туралы анықтама алып, немесе тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгіну арқылы білуге болады.

«Қаланың техникалық дайындығы өте жоғары, барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген, 100% жұмыс компьютерлік техникамен жабдықталған», - деп толықтырды Тілеухан Әбілдаев.



Соңғы жаңалықтар