Көп жағдайда 30-49 жас аралығындағы ер адамдар жоғалады- зерттеу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде хабар-ошарсыз жоғалған 2 247 адам іздестірілуде. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазіргі уақытта 11 133 адамға іздеу салынған, оның 2 247-сі хабар-ошарсыз жоғалғандар. Ең көп хабар-ошарсыз жоғалғандар Алматы қаласы (328), Шығыс Қазақстан (221), Алматы (309) және Қарағанды облыстарында (221). 30-49 жас аралығында әртүрлі жағдайлармен көбінесе жиі ер адамдар (76%) жоғалады», - делінген Комитет хабарламасында.

Таратылған мәліметке қарағанда, үйінен кетіп оралмағандар – 1723, автокөлікпен жоғалғандар – 74, жұмыстан кеткендер – 36.

«Сонымен бірге, елімізде тергеуден және соттан жасырынған 2 453 адамға, яғни ең көбі алаяқтық (451), ұрлық жасау (270) және кісі өлтіргені (166) үшін Алматы қаласы (463), Алматы (245) және Шығыс Қазақстан облыстарында (203) іздеу салынған. Олар негізінен 31-40 жас аралығындағы ер адамдар (89%)», - деп аталып өткен комитет ақпаратында.

Айта кетейік, Қазақстанда іздеу салуды ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс органдары, экономикалық тергеу жүргізу, мемлекеттік күзет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтері жүзеге асырады. Барлық іздеу істерін тіркеу, сонымен қатар мемлекетаралық ақпараттар банкімен өзара байланыс жасауды ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүзеге асырады.



Соңғы жаңалықтар