Қоғам қайраткері Наталья Тукалевская «Құрмет» орденімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасының Диабеттік ағарту қорының атқарушы директоры Наталья Тукалевскаяға «Құрмет» орденін табыстады.

Марапаттау рәсімі министрдің Алматыға жұмыс сапары кезінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аида Балаева: «Құрметті Наталья Николаевна! Мен үшін бұл орденді Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толу жылында тапсыру үлкен мәртебе. Сіз ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан адамсыз. Диабетикалық ағартудағы маңызды жобалардың авторы мен қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде Сіздің әлеуметтік мәселелерді шешудегі еңбегіңіз баршаға үлгі. Сондықтан, бұл марапат жанқиярлық еңбек пен таңдаған іске деген адалдықтың, адамдардың игілігі үшін адал жұмысыңызға деген бағаның белгісі болып табылады», - деді өз сөзінде.

Министр Президенттің қоғамдық ұйымдардың рөлін, олардың мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара-әрекеттесуін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтындығын баса айтты.

Еске сала кетейік, Наталья Тукалевская - ұлт денсаулығын сақтау саясатын жүзеге асыруға белсенді ықпал ететін, қант диабетімен байланысты білім беру мәселелерімен айналысатын және қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысатын қоғам қайраткері.

«Мен қант диабеті мәселесімен 26 жылдан бері айналысып келемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын. Бұл жалғыз менің ғана емес, барлық диабет қозғалысының қызметіне берілген баға. Біз қашанда дәрігерлермен бірге болдық. Қазіргідей дәрігерлердің алғы шепте жүрген кезінде, осындай қиын-қыстау кезде марапат алу әрине, зор мәртебе»,- деді Наталья Тукалевская.

Мемлекет басшысы Наталья Тукалевскаяға «Құрмет» орденін беру туралы Жарлыққа 2020 жылдың 3 желтоқсанында қол қойды.

Еске сала кетейік, «Құрмет» ордені азаматтарға экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытуға сіңірген еңбегі үшін, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін беріледі.


Соңғы жаңалықтар