Қазақстанда қорғаныс құралдары қалай өндіріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8% өсті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің фармацевтика өнеркәсібінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін 96 кәсіпорын жүзеге асырады. Оның ішінде дәрілік заттар өндіру бойынша – 33 компания, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіру бойынша – 41 компания және медициналық техникаларды өндіру бойынша – 22 компания жұмыс істейді», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Отандық тауар өндірушілермен дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың 5 042 түрі бойынша ұзақ мерзімді 88 шарт жасалған.

«Отандық кәсіпорындар күн сайын 900 мың маска шығарып жатыр. Қоймаларда 18 млн маска бар. Бұл ретте, кәсіпорындардың медициналық маска өндіру қуаты тәулігіне 1,2 млн данаға дейін жетеді. Кепілдендірілген сатып алу кезінде отандық кәсіпорындар медициналық маска өндірісін 1,5 млн-ға дейін ұлғайтуға дайын», - дейді Б. Атамқұлов.

Медициналық қолғаптар бойынша, тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарылады. Қоймаларда 7 миллион жұптан асатын қолғап бар. Биылғы қараша айында өндіріс қуаты тәулігіне 530 мың жұпқа дейін артады.

«Бүгінде 6 отандық компания айына 504 мың қорғаныс костюмін шығарады. Жыл соңына дейін өндіріс қуаты 1 миллионға дейін арттырылатын болады. Індеттің екінші толқыны жағдайында фармацевтикалық кәсіпорындар дәрілік заттардың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар