Қазақстанда әкім сайлауы мәресіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімін анықтайтын сайлау да мәресіне жетті. Заң бойынша сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті сайлау комиссияларының дерегі бойынша, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20.00-де еліміздің 9 өңірінде сайлау учаскелері жабылды.

Ал сағат 21.00 кезінде бүкіл республика бойынша дауыс беру аяқталды.

Осылайша, кезекті сайлау науқанына орай ашылған 14 өңірдегі 1847 сайлау учаскесі жұмысын қорытындылап жатыр

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған.

Соның 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Яғни, сайлау заңнамасындағы жаңа мүмкіндікті 1419 адам пайдаланып отыр.

Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған.

Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынады.

«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, бірлестіктің 2 мыңнан астам өкілі 1847 сайлау учаскесінде бейтарап бақылау жүргізген.

«Дәл қазір бүкіл мәліметтерді орталыққа алдырып, сараптап жатырмыз. Негізгі қорытынды кейін белгілі болады. Алдын ала қорытынды бойынша, сайлау заңнамасына, дауыс беру процесінің ашықтығына нұқсан келтіретін өрескел қайшы әрекеттер болған жоқ. Сайлау процесіне кедергі келтірмейтін, 10-ға жуық елеусіз ақау тіркелді. Бірақ ол ақаулар байқаушылардың көзінше дереу жойылды», - дейді Төлеген Күнәділов.


Соңғы жаңалықтар