Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық кеңсесінің орнықты жұмысына жағдай жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстанда офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім 2020 жылы 28 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды.

«Келісім Халықаралық қаржы корпорациясының офисі қызметінің негізгі ережелерін, сондай-ақ, қызметкерлер үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді. Халықаралық қаржы корпорациясы 1956 жылы құрылып, халықаралық даму институты саналады. Оның негізгі қызметі жеке сектордың дамуына жәрдемдесуге бағытталған. Халықаралық Қаржы Корпорациясы Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді», - деді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Халықаралық қаржы корпорациясының кеңселері 104 елде бар.

Сонымен бірге, корпорация өңірлік офистері әлемнің тек 13 қаласында, оның ішінде Алматыда орналасқан.

«Халықаралық қаржы корпорациясы офистері орналасқан барлық мемлекеттермен офистердің қызметі туралы ұқсас келісімдер жасады. Ол Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.

Осы кезеңнен бастап 1,6 миллиард доллар көлемінде жобалар қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 70 пайызын құрады. Аталған келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар