Елордада жас сарбаздар арасында жүгіру марафоны өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай жас сарбаздар арасында жүгіруден марафон ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жас сарбаздар арасында күзгі марафон ұйымдастырып жатырмыз. Шараның мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкесті, жастар арасында спортты насихаттап, оларды спортпен шұғылдануға баулу. Марафонға қатысушылар кәсіби емес, әуесқой жүгірушілер екенін де айта кеткен жөн. Олардың елорда мектептерінің оқушылары мен колледж студенттері бар. Сонымен қатар бүгінгі шара біздің «Жас сарбаз -тәуелсіздік тірегі» атты жобаның шеңберінде өтіп отыр. Бұдан бөлек, жоба аясында соғыс ардагерлерімен кездесу, әскери-патриоттық әндер байқауын ұйымдастыру, жасөспірімдер арасында күзгі әскери-патриоттық жиын өткізу, волонтерлікті дамыту, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін тарату секілді бірқатар шаралар қарастырылған», - деді «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша төрағасы Асхат Налшыбек.

Жүгіру марафонына елордалық 500-ге жуық жас сарбаз қатысты. Оның ережесіне сәйкес жігіттер 3 шақырымға ал қыздар 2 шақырым қашықтыққа жүгірді.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар марафонда үздік нәтиже (1,2,3 орын) көрсеткен қатысушылар марапатталып, естелік сыйлықтар берілетінін айтты.

Жас сарбаздарды қолдау үшін айтулы шараға қазақстандық алып күш иесі, әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы Сергей Цырульников және Street Workout-тан еліміздің бас жаттықтырушысы Айтым Жақыпов қатысты.

«Бүгінгі марафонның өтетіні туралы маған жаттықтырушым айтты. Неге қатыспасқа деген ойға келдім. Марафонға қатысып, бірінші болып келдім, жүгіру қиынға соқты, әсіресе қатты жел кедергі келтірді. Дегенмен нәтиже соған тұрарлық. Жалпы өзім спортшымын, грек-рим күресімен 8 жыл бойы айналысып келемін», - дейді 18 жасар марафон жеңімпазы, жас сарбаз Данияр Төленді.


Соңғы жаңалықтар