Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заң жобасының редакциясын кері қайтаруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетова бүгінде ел ішінде қызу талқыға түскен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халық қалаулысы өз ойын Facebook парақшасында жазды.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жаңадан сайланған төрағасы ретінде осы күндері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі және сындарлы түрде зерттедім. БАҚ-та сарапшылар да, азаматтық қоғам өкілдері де айтқан пікірлерді, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін талдап қарадым. Барлық объективті ұсыныстарды, пікірлер мен мәлімдемелерді таразылай отырып, аталмыш заң жобасының редакциясын кері қайтарып, бірлескен жұмысты бастауға болады деп ойлаймын» деп жазады Жәмила Нұрманбетова.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы тиісті тапсырмасы бар.

«Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында отбасы институтын нығайтуға бағытталған үлкен бөлім бар, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту бойынша қатаң шаралар қабылдау туралы айтылған. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы фракциясының пікірталас алаңында барлық мүдделі тұлғаларды, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділерін, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, осы әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша алдын ала кеңінен талқылау жүргізуді ұсынамын» дейді депутаты.

Жәмила Нұрманбетова жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігін құратын заң жобасының жаңа моделін бірлесіп әзірлейтінімізге сенетінін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар