«Ауыл» партиясы Үкіметте отбасылық құндылықтар тұжырымдамасын таныстырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы халықты әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты ауқымды талқылауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерді жиі көтеріп жүр. Көпшілік қадамдардың іске асуына себепші болудамыз. Сондықтан бүгін тағы бір маңызды тақырыпты талқылау үшін жиналып отырмыз. Партияның бастамасымен жақында ғана Түркістан қаласына барып, ұлттық құндылықтарымызды дамыту жөнінде жаңа тұжырымдаманы ұсындық. Біз ұлттық құндылықтар туралы көп айтамыз, бірақ осы құндылықтардың көптеген маңызды мәселелері шетте қалып кетеді. Соның бірі – ол отбасылық құндылықтар. Жақында оны сарапшылармен талқылап, Үкіметке ұсынамыз деген жоспар бар», - деді Сенат депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев «Ана мен баланы әлеуметтік қолдау: заманауи талаптар мен жаңа тәсілдер» атты дөңгелек үстел отырысында.

Сонымен қатар ол әлеуметтік саладағы құжаттарға тоқталды.

«Тікелей адамның денсаулығына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты бағыт – ол әлеуметтік қорғау мәселелері. Әлеуметтік қорғау – тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы аналарға көрсетілетін жәрдем. Соның барлығы мемлекетімізде қаншалықты дұрыс ұйымдастырылып жатыр? Мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп жатыр, яғни әлеуметтік саланың үлесі басым. Осы жиын алдында тиісті талдау жасадық. Бізде әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша 14 заң бар екен. Оның бәрін бір ғана заңмен реттеуге болады. Аналарға берілетін жәрдемақы бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеке, ардагерлерге берілетін жәрдемақы басқа заңмен қамтылған. Аталған заңдарға тиісті нормативтік құжаттар бар. Оның барлығын қарап шықсақ, жоғары білімі бар адамдардың өзі де анық-қанығына жетуі қиын», - деді сенатор.


«Осы мәселелердің барлығын іріктейтін жаңа саясат керек деген оймен «Ауыл» партиясы бұл бағытқа мән беріп отыр. Біз «Ел аманаты» деген жалпыұлттық сауалнаманы бастадық. Оған әлеуметтік қорғау, ана мен бала мәселесін қостық. Ондағы мақсатымыз – елдегі проблемаларды шығарып, халықтың ой-пікірін біліп, осы бағытта жұмыс істеу», - деді Әли Бектаев.

Белгілі болғандай, еліміздегі әлеуметтік саясат, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша да партиялық тұжырымдаманы қабылдау жоспарлануда. Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар мемлекеттік органдарға баланы туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдаудың бірыңғай стандартын анықтауды ұсынды.




Соңғы жаңалықтар