Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның органикалық өнім өндіру әлеуеті туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатта органикалық өнімдерді өндіру және олардың айналымы мәселелеріне арналған заң жобаларын таныстыру кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның органикалық өнім өндіру әлеуетін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Органикалық өнімнің бағасы дәстүрлі өнімге қарағанда әлемдік нарықта ең аз дегенде 15 пайызға, көп дегенде екі есе қымбат. Өздеріңізге мәлім, біздің жеріміз де, суымыз да экологиялық таза. Осыған байланысты органикалық өнімді өндіру біз үшін бәсекелестіктік артықшылық деуге болады. Сондықтан, Мемлекет басшысы елімізде органикалық өндірісін дамыту қажеттілігі туралы бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда органикалық өнімді алпыс шақты отандық кәсіпорын өндіріп, экспорттайды. Соңғы жылдары экспорттың мөлшері 15-17 миллион АҚШ долларына жетті, бұл көрсеткіш бойынша ТМД мемлекеттерінің ішінде біз екінші орындамыз», - деді А. Күрішбаев.

Оның айтуынша, сарапшылардың болжамы бойынша, Ресей мен Қазақстанның органикалық өнім өндіру бойынша әлемдік нарықтағы әлеуеттік үлесі 20 пайыз.

«Бұл үлкен көрсеткіш, әрі межелі мақсат. Экспортты болашақта 2-3 миллиард долларға дейін көтеруге болады, яғни қазіргі деңгейден кем дегенде 100-200 есе. Қазір бұл маңызды сала неге дамымай жатыр?

Менің ойымша, екі үлкен маңызды мәселе бар. Бірінші мәселе – біздің өндіретін органикалық өнімімізді импортерлар мойындау қажет. Басқа сөзбен айтқанда, біздің стандарттар солардың стандарттарына сәйкес болу керек. Екінші – біздің фермерлеріміздің органикалық өндірісті игеруі. Өйткені, оның өзінің тәртібі, технологиясы бар - тұқымнан, тыңайтқыштардан бастап, топырақтың құнарлылығына дейін. Бұл ретте, фермерлердің білімін көтеру өте маңызды», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен органикалық өнімдерді өндіру және олардың айналымы мәселелеріне арналған заң жобаларын таныстыру рәсімі өтті.


Соңғы жаңалықтар