Абайдың асыл сөздерінен артық құндылық жоқ – Ақтоты Райымқұлова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлы ойшыл Абайдың ілімін терең зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде пайдалануымыз керек. Бұл туралы Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсіміне қош келдіңіздер! Бұл – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама. Осыған орай биыл халықаралық және республикалық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бұдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын жоғары дәрежеде атап өткен едік. Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз сол жиында «Абай халқына қамқор, ұлтына жанашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді» деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы – бүкіл адам баласы үшін аса құнды әрі тағылымды дүние. Сондықтан Абайдың өнегелі өсиетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп білеміз«, - деді министр ақын мерейтойының ресми ашылу салтанатында.

Оның атап өтуінше, бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жан-жақты тоқталды.

«Сондай-ақ, ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағдар береді. Оның асыл сөздерінен артық құндылық жоқ. Елбасымыз айтқандай, «Абай армандары – тек бір ғана ұлт емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар». Сондықтан, ұлы ойшылдың ілімін терең зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде пайдалануымыз керек«, - деді Ақтоты Райымқұлова.


Соңғы жаңалықтар