13 мың қазақстандық мембағдарлама аясында оқып, жұмысқа орналасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 16,9 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қысқа мерзімдік оқуға жолданды және 13,2 мыңы оқуды аяқтап, 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарламаның тағы да бір маңызды бағыттарының бірі – қысқа мерзімдік оқыту. Биыл 16,9 мың адам қысқа мерзімдік оқуға жолданса, 13,2 мың адам оқуды аяқтап, 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында ағымдағы жылы электронды еңбек биржасында пилоттық түрде 5 мың жұмыссыз азаматты тегін онлайн оқумен қамтамасыз ету қарастырылған, оның 93 пайызы оқудан өтті», - деді С. Шәпкенов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, азаматтарды онлайн оқытуды ұйымдастыру үшін электронды еңбек биржасы базасында арнайы портал әзірленіп, 1 шілдеден бастап іске қосылды. Қазірдің өзінде порталда 135 курс авторлары және 11 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген.

«Курстарды аяқтағаннан кейін порталда арнайы тестілеуден өтіп, сертификат алу мүмкіндігі қарастырылған. 4 айдың ішінде 6 600 адам курстардан өтті, оның ішінде 4 800 адам – жұмыссыз болып тіркелгендер. Біз жаңа қабылданған «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» аясында портал арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытуды дамытатын боламыз», - деді Еңбек министрі.

Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы 9 айда 377 мың адам жұмыспен қамтылды және оның 70 пайызы – тұрақты жұмысқа орналасты.


Соңғы жаңалықтар